Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері тағы бір бірегей операция жасады — алып мөлшердегі ми ісігін алып тастады

сәрсенбі,  3  Сентябрь  2025

Ақтөбе облысының тумасы, 47 жастағы ер адамның екі ай бойы басы қатты ауырған. Уақыт өте келе бастың ауруы үдеген, сонымен қатар көру қабілеті күрт нашарлай бастады. Осыған байланысты пациент медициналық көмекке мамандарға жүгінді.

МРТ зерттеуін жүргізгеннен кейін пациент оң жақта айқын перифокальды ісінуі бар алдыңғы көлбеу өсіндіде алып ісік анықталды. Ісік мөлшері 5,11 × 4,82 см болды, ісік оптикалық нервке, хиазмаға және мидың маңызды тамырларына жақын орналасқан. Бұл орналасу ісікті ерекше қауіпті етті: ісік көру жолдарын қысып, көру қабілетінің одан әрі жоғалуына қауіп төндірді, когнитивті функцияларға, моторикалық белсенділігіне әсер етіп, мүгедектіктің ауыр түріне әкелуі мүмкін еді.

Осы ауыр жағдай бөлімше меңгерушісі, профессор Нұржан Әмірбекұлы Рыскелдиевтің қатысуымен өткен Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің клиникалық конференциясында егжей-тегжейлі талданды. Дәрігерлер консилиумында Нейрохирургия орталығы жағдайында хирургиялық араласу, яғни операция жасау туралы шешім қабылданды.

Пациент Астанаға келіп, МӘМС аясында Орталыққа жатқызылды. Оған заманауи нейронавигацияны қолдана отырып, бес сағаттық микрохирургиялық операция жасалды. Бөлімше меңгерушісі профессор Рыскелдиев пен дәрігер-нейрохирург Айдос Молдабековтың жетекшілігімен хирургиялық топ алып ісікті сәтті алып тастады.

Операция сәтті өтті. Қазіргі уақытта пациент палатаға ауыстырылды, алда оны оңалту емшаралары күтіп тұр. Қазірдің өзінде ер адам өзін әлдеқайда жақсы сезінеді: бастың ауырғаны қойды, жалпы жағдай айтарлықтай жақсарды.

Пациенттің өзі үлкен жеңілдік сезінгенін және дәрігерлерге жасаған жұмысы үшін үлкен алғысын келесідей жолдармен білдіреді:

«Дәрігерлер мені мүгедектікке душар болудан құтқарды және толыққанды өмір сүруіме себепкер болды».

Қазіргі уақытта пациент сол көзімен көреді, оң көзі көруге қабілетсіз, бірақ емдеу және қалпына келтіру жалғасуда.

 

 


тiзiмге қайтару