Салтанатты шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолданған құттықтауымен ашылды
жұма, 27 Июнь 2025
Бүгін Астанада Уолтер Э. Денди атындағы нейрохирургтер қауымдастығының X Дүниежүзілік конгресінің салтанатты ашылуы өтті. Ауқымды халықаралық іс-шараға әлемнің 20 елінен 400-ден астам жетекші нейрохирург, ғалым және медицина саласындағы сарапшы қатысуда.
Конгрестің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары –Ермек Көшербаев қатысты. Салтанатты шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолданған құттықтауымен ашылды. Президенттің құттықтау хатын Ермек Көшербаев оқып берді.
Мемлекет басшысының құттықтауынан:
«Қадірлі қауым!
Баршаңызды Уолтер Э. Денди атындағы нейрохирургтер қауымдастығының оныншы дүниежүзілік конгрессінің ашылуымен құттықтаймын!
Бұл – нейрохирургия саласындағы әлемнің ең үздік мамандары бас қосатын маңызды жиын.
Қазақстан медицинаның озық технологияларға негізделген осы бағытын дамытуға баса мән береді. Еліміздегі Ұлттық нейрохирургия орталығы инновациялық емдеу тәсілдерін қолдану арқылы мыңдаған адамның өмірге оралуына ықпал етіп отыр. Мұнда радиохирургияның «алтын стандарты» саналатын, Орталық Азиядағы жалғыз Гамма-пышақ жүйесі сәтті пайдаланылып келеді. Сонымен қатар, орталықта жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге де жоғары күрделілік деңгейіндегі оталар жасалуда.
Ғылым мен технологияның соңғы жетістіктері, сондай-ақ жасанды интеллектінің әлеуеті нейрохирургия саласының көкжиегін кеңейте түсетіні сөзсіз. Бұл бағыттағы тұрақты даму үшін салааралық өзара іс-қимыл мен жаһандық медициналық қауымдастықтың ынтымақтастығын нығайту аса маңызды.
Алқалы жиын кәсіби мамандардың ғылыми идеялар мен емдеу тәжірибесін алмасуына, сондай-ақ халықаралық байланыстарды жандандыруға тың серпін береді деп сенемін.
Конгресс жұмысына табыс тілеймін!» - делінген хабарламада
Конгресс бағдарламасына жетекші халықаралық сарапшылардың 40-тан астам баяндамасы, пленарлық сессиялар, шеберлік сабақтары, сондай-ақ клиникалық және ғылыми инновациялық жобалардың таныстырылымдары кіреді.







